Сенатының депутаттары дағдарыс орталығының қызметімен танысты

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» тұрмыстық зорлық — зомбылық көрген және адам саудасының құрбаны болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Құқықтық, психологиялық, еңбек және тұрмыстық, педагогикалық сынды арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері өмірлік қиын жағдайға ұшыраған жандарға үлкен қолдау әрі демеу екені анық.

Орталықта оларға жатын орын мен 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Қатыгездіктен зардап шеккен аналар дағдарыс орталығында балаларымен бірге 6 айға дейін күнелте алады. Қызмет алушылардың осы уақыт аралығында мамандардың сүйемелдеуімен қысқа мерзімдік оқу курсын оқып, әрі қарай жұмыс істеулеріне мүмкіндіктері бар.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына іс-сапарлары барысында аталмыш дағдарыс орталығын аралап, онда қызмет алушылардың жағдайымен танысты. Сенаторлар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресіп, құқығын қорғауда қатыгездікке тап болған нәзік жандылардың жан айқайын арқау етуді көздейді. Өйткені, заң жүйесін жетілдіруде қоғам індетінің бетпердесін айшықтау аса маңызды. Кездесу барысында қызмет алушылар да депутаттарға мұң-мұқтаждарын еркін жеткізіп, болашаққа деген үміттері арта түсті.

Жалпы, былтырғы жылы орталықтың қызметіне 600-ден астам азамат жүгініп, олардың тең жартысы жатын орынмен қамтылған. Пана тапқандардың 87-і ана мен 200-ден астамы балалар. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбаны» болғанда немесе оған куә болған жағдайда дағдарыс орталығының қызметіне жүгінуге болады. Арнайы сенім телефоны: 8(7252)- 45-03-03 .

111 шұғыл желісі мен 8-775-450-54-33 нөмірі бойынша вацапқа хабарласуға болады.

Шымкент әлеуметтік қорғау басқармасы