Көлікті мас күйде басқарған үшін жауапкершілік

Жол жүрісі ережесінде көлік құралын масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және т.б.) басқару тыйым салынған. Бұл құқық бұзушылыққа әкімшілік және қылымыстық жауаптылық көзделген.

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың 9 айында 583 жүргізуші (2021ж. 12 айында – 755 жүргізуші) көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру әкімшілік жазасына тартылады (ӘҚБтК-тің 608-бабының 1-бөлігі).

Ұқсас әкімшілік жаза көлік құралын масаң күйдегі адамның басқаруына беру құқық бұзушылығына да қарастырылған.

Масаң күйін анықтау бойынша куәландырудан өтуден бас тарту құқық бұзушылығы үшін де жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру әкімшілік жазасына тартылады (ӘҚБтК-тің 613-бабының 4-бөлігі).

Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамның көлік құралын масаң күйде басқарғаны 20 тәулікке, куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Бұрын көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші ҚР ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

Көлік құралын масаң күйде басқару құқыққа қайшы әрекет үшін қылмыстық жауаптылыққа кінәлі:

— көлік құралын басқарған;

— бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған (көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін, құқықтан айырылған мерзім ғана ескеріледі);

— көлік құралын басқару сәтінде масаң күйде болған кезде тартылады.

Аталған қылмыс жасағаны үшін кінәліге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ntime.kz