Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді

Ержан Сейтенов

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ержан Сейтенов Бозарық шағын ауданында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын аралап, нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.

Аталған аумақта 1918 пәтерлі 36 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда бірнеше үйдің қаңқасы толық көтеріліп, ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары басталған. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл — мегаполистегі тұрғын үй тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Жоспарға сәйкес, атымдағы жылдың соңына дейін 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал қалған 16 үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі нысан ретінде жоспарланған. Бұл үйлер заманауи талаптарға сай инженерлік желілермен толық қамтылып, аумағында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.

Ержан Сейтенов құрылыс алаңдарын аралау барысында мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды. Ол әрбір нысанда құрылыс нормалары мен стандарттарының сақталуын қадағалау маңызды екенін атап өтті.

– Қала тұрғындарына сапалы әрі қолайлы тұрғын үй ұсыну – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан әрбір мердігер ұйым жұмыс сапасына мұқият қарап, белгіленген мерзімде құрылыс жұмыстарын аяқтауы тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, жауапты басқармаларға құрылыс барысын жүйелі түрде бақылап, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды және мердігерлермен тығыз өзара іс-қимыл жасауды тапсырды.

Айта кетейік, Бозарық шағын ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым да кезең-кезеңімен салынуда. Алдағы уақытта бұл аумақ заманауи және жайлы тұрғын ауданға айналуы жоспарланған.