Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, егістікте жүрген кезінде «Samsung» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап, ондағы банк қосымшасы арқылы 200 000 теңге онлайн несие рәсімдеп алған. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Полицейлер орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің жақын көршісі болып шықты.
Анықталғандай, жәбірленуші көрші әйелмен егістік алқабында бірге болған.
Күдікті әңгімелесу барысында оның қараусыз жатқан ұялы телефонын байқатпай ұрлап алған. Сол аралықта көрші әйел ұрлық жасағанымен қоймай, телефондағы банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеп үлгерген. Ал жәбірленуші ұялы телефонын жоғалғанын үйіне келгенде ғана білген.
Тәртіп сақшылары қолды болған ұялы телефонды айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.