Созақта әлеуметтік такси пайдалануға берілді

Бүгін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекемеге «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен алынған жаңа көліктің кілтін табыстады.

Айта кетейік, орталықтың үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қарамағындағы 20 мүгедектігі бар бала Созақ ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен қызметтер алуда. Заманауи жабдықтармен жасақталған әлеуметтік такси мүгедектігі бар 40 балаға қызмет көрсетеді. Бұл қызмет түрі бұған дейін мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүргізіліп келген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі