Мақтаарал ауданындағы «Мақтаарал» аграрлық колледжінде «Жас сарбаз» патриоттар қозғалысының облыстық слеті өтті. Рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Облыс әкімінің орынбасары Сакен Қалқамановтың бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес «Жас Сарбаз» патриоттар қозғалысының облыстық слеті ұйымдастырылып өткен шараға түрлі аудандардан келген 21 колледждің әскери патриоттық клубтары қатысты.»Өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық белсенділікті, патриотизмді тәрбиелеу, жеке тұлғаны және Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында дене шынықтыру мен әскери-қолданбалы спорт түрлерін танымал ету мақсатында барлық оқу орындарында құрылған «Жас Сарбаз» клубтары өз жұмыстарын жоғары дәрежеде атқарып жүр. Ұлтжандылық сезімі өзінен-өзі пайда болмайды, ешкім патриот болып туылмайды. Өз елінің Патриоты жеке тұлғаның күрделі даму процесінде ғана қалыптасады, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жастардың кіші Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді» — деді слеттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Рысалды Нәлжігітова. Жалпы патриоттық жарыста командаларды іріктеу 3 кезең бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, бірінші кезеңде оқу орынының «Жас сарбаз» клубтары өз жұмыстарын презентацияласа, екінші кезеңде Калашников автоматын жартылай бөлшектеуден және жинақтаудан жарысты. Осы 2 іріктеу кезеңдерінен өткен үш команда колледж ауласында ұйымдастырылатын «Арай» патриоттық-зияткерлік квест ойынына қатысты. Аталған квест ойынының идеясы өте қарапайым — әр түрлі тапсырмаларды орындайтын команда немесе командалар бір жерден екінші жерге ауыса отырып, ойынның аяқталу кезеңінде олар негізгі жұмбақтың жауабын тапты. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Рысалды Нәлжігітова, Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің кіші сержанты Бейбіт Алимбетов, Мақтаарал ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Сүндет Кенжебаев, облыстық жастар ресурстық орталығының әдіскері Батырбек Ахметов, облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру кафедра меңгерушісі Назым Жунисовалар жарысқа төрелік жасап, әділ бағасын берді. Жарыстың нәтижесінде 1-орынды №14 колледждің «Қыран» әскери патриоттық клубы (ӘПК) жеңіп алды. Сондай-ақ, 2-орынды «Мақтаарал» аграрлық колледжінің «Жалынды жастар» ӘПК мен «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің «Ясауи сарбаздары» ӘПК, 3-орынды Түлкібас агробизнес колледжінің «Барыс» ӘПК мен №17 колледжінің «Барыс» ӘПК және Д.Қонаев колледжінің «Жас сарбаз» ӘПК иеленді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі