Еңбекті қорғау-кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарының бірі

28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Бұл күні жыл сайын түрлі іс шаралар өткізіліп атап өтілуде. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланды.

Еңбекті қорғау – бұл қызметкерлердің еңбек өмірі мен денсаулығының қорғалуын қамтамасыз ететін, қауіпті, зиянды, оқыс жағдайлардың алдын-алу және болдырмаудың шараларын жасайтын сала. Жалпы қай еңбек саласы болсын, сол саланың өз қиыншылықтары бар. Бұл күннің маңыздылығы да сол — әр қызметкер өз саласының ең басты байлығы екендігін және өз саласында еңбек қауіпсіздігін сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алатындығын түсінуінде.

Өткізіліп жатқан іс-шаралардың мақсаты жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау болып табылады. Бүгінгі таңда еңбекті қорғау бұрынғыдан да өзекті, әрі маңызды. Өйткені ең басты құндылық адам денсаулығының қауіпсіздігін сақтау.

Кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттарының бірі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ішкі бақылауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыру мәселесі болып табылады. Бүгінгі таңда әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымдық шарттарының басты назарында әр қызметкердің денсаулығы мен жұмыс қабілеттілігін сақтау тұр.

Атаулы күнге «Қызмет» Салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының кәсіподақ ұйымдары түрлі іс шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі Мақтаарал аудандық ұйымның төрағасы Хаметов Қасымбек Тұрсынбайұлы аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу өткізіп, атаулы күнннің маңыздылығын түсіндірді. Жиын соңында кәсіподақ қозалысына белсенді қатысып, насихаттап жүрген бірқатар азаматтарды Түркістан облыстық филиалдың Алғыс хатымен марапаттады.