Мақтаарал ауданына жазушы, публицист, қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменов жұмыс сапарымен келді. Жазушы 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында жерлестерімен жүздесіп, жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі оңды өзгерістерге куә болды. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жаңа мөлтек ауданның орталық саябағына, сондағы 1200 орындық мектепке және жастар гүлзарына саяхат жасатып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, жаңадан пайдалануға берілген орталық кітапханада жазушы ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Шара барысында Б.Сүлейменовтың өмірбаяны туралы қысқаша бейнеролик көрсетіліп, жазушының шығармалары туралы, балалар әдебиеті туралы сөз қозғалды. Аудан әкімінің орынбасары республикаға белгілі жазушының Мақтаарал ауданына келуі — құттың қонуы екенін айтып, үстіне шапан жауып, астына ат мінгізді. Сондай-ақ, өзі сияқты қаламы қарымды мақтааралдық әріптестері жазушы туралы пікірлерін білдіріп, ізгі тілектерін айтты. Қоғам қайраткерінің мақтааралдықтармен кездесуі мұнымен аяқталған жоқ. Ол С.Рахымов жалпы орта мектебінде оқушылармен, Мақтаарал аграрлық колледжінде студенттермен кездесіп, өзінің жарық көрген құнды кітаптарын сыйға берді. Айта кетейік, Сүлейменов Бейсенбай Жолдасбекұлы 1951 жылы қазіргі Жетісай ауданы, Ш. Ділдәбеков атындағы кеңшарда дүниеге келген. 1968 жылы «Мақталы» кеңшарындағы А.Чехов атындағы орта мектепті, 1973 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. 2006 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Тентектер» повесть, әңгімелер жинағы жарық көрді. 2009 жылы «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі кітабы жарыққа шықты.Республика балалары мен жасөспірімдері өміріне белсене араласып келеді. 2009 жылы Астана қаласында Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министірліктерінің ұйытқысымен аталмыш жазушының кітаптарының фестивалі өтті. Елорда мектептерінде қаламгердің «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі кітабының кең көлемдегі кездесулерін ұйымдастырды. Кітап 2000 данамен жарық көрді. Автор барлық данасын жас жеткіншектерге тегін таратып берді. Бұл дәстүр жыл сайын Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында, Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал аудандарында жалғасып келеді. Бейсенбай Сүлейменов 2009 жылы жастардың патриоттық тәрбиесіне бағытталған публицистикалық мақалалар циклы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды.2010 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Педагогика-Пресс» баспасынан жарық көрген «Күннен келген адам», 2018 жылы «Асқаралы» баспасынан «Ақмырза әулеті» кітаптары автордың шығармашылық шеберлігінің жемісі саналады. 2020 жылы Бейсенбай Жолдасбекұлы балалар проблемасын көтеріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға жазған хатының негізінде 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» болып жарияланды. Бұл шара елімізде бес жылға жалғасатын болды.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі