Ұстаздар күні қарсаңында Қостанай қаласында ҚР Білім және ғылым министрі Республикалық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Үздіктердің қатарында Маңғыстау облысының төрт мұғалімі бар, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңаөзен қалалық оқу-әдістемелік орталықтың директоры Майжан Масатова, Жаңаөзен қаласындағы №11 жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мүғалімі Бақтыбай Сүйрібаев, Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Бауыржан Айманов пен Маңғыстау туризм колледжінің оқытушысы Айна Әлібековаға «Үздік педагог» төсбелгісі мен 1 000 АЕК көлемінде (2 900 000 теңге) сыйақы табысталды.
Аталған байқау осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Аудандық, қалалық және облыстық кезеңнен сүрінбей өткен жүздеген мұғалім республикалық байқауда бақ сынады. Олар «Үздік педагог» атану үшін түрлі сынақтан өтті. Арнайы комиссия педагогтің білім беру қызметіндегі жеке кәсіби жетістіктері, оқушыларының оқуы мен тәрбиесі және дамуының нәтижелері, педагогтің белгілі бір уақыт аралығындағы білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесіне баға берді.
Жыл сайын өткізілетін байқау биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.