Кез келген елдің экономикалық саясатының міндеті — экономикалық өсімді ынталандыру. Шағын және орта бизнес экономикалық өсу факторларының бірі болып табылады. Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдау қарастырылған. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан әр бір отбасының еңбек жемісі үлкен жеңіс. Олардың батыл қадамдары мен еңбекқорлықтары басқа азаматтарға үлгі әрі шабыт берері анық.
Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және тұрмысын жақсарту бағытындағы ауқымды жобалар аясында 11 784 адам кәсіпкерлікті қолдау шараларына ие болған.
Кешенді жұмыстар шеңберінде бүгінгі таңға көптеген адамға мемлекеттік грант беріліп, 8349 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. 10 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шымкент қаласында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 447 грант және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға жеңілдікті шарттармен 261 микрокредит беру көзделген. Бүгінде 452 грант және 169 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда.
Республика бойынша жыл басынан бері қатысушыларға 9000 грант беру жоспарланып, 9102 грант берілді. Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 452 грант берілді, оның ішінде: 42 – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 89 – мүгедектігі бар адамдар, 212 – көпбалалы отбасылар, 73 – мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, 36 – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар алды.
Сонымен қатар, осы жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит беру құралы іске қосылды. Республика бойынша 5,8 мың микрокредит беру көзделген, осы мақсаттарға 28,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.