Акция аясында жас аналарға қолдау көрсетілді

Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Дегенмен, зорлық-зомбылыққа тап келген азаматшалар полиция департаментіне хабарласқанымен, басым бөлігі арыз жазудан бас тартады екен. Бұл жағдайдан көбінесе әйелдер мен балалар зардап шегуде. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баспасөз-конференциясында үй тирандарына жүктелетін жауапкершілікті заң жүзінде күшейту қажеттігін айтты.

Нақтырақ айтқанда, арызданушыдан анықтаушыға көшу. Яғни, құқық бұзушыны орын алған жайтқа қатысты міндетті түрде жауапқа тарту. Ең төменгі әкімшілік қамау мерзімін 5 күнге, құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайға қамаққа алу мерзімін 20-25 күнге дейін ұзартуды ұсынды.

Еңбекші АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкері «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2022 жыл – балалар жылы деп жариялауына байланысты, бұл игі іс-шараны тәртіп сақшысы ерекше ықыласпен ұйымдастырды.

— «Шараның басты мақсаты – жақындарынан қолдау таппаған аналарға қандайда бір материалдық тұрғыдан және моральдік-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасаудамыз. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Қиын жағдайға тап болған жас аналарға қолдау көрсетіп отырған Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне ризашылығым шексіз. Балалар жылы аясында осындағы аналарға қолдау көрсетейік деген ұсынысымды қолдады, сол үшін барлығына алғысымды білдіремін», — деді полиция капитаны Ж.Тасқұлова.

Жұлдыз Бегалықызы мұндағылар үшін күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге керек заттар мен балалар азық-түлігін тарту етіп, аналармен жекелей жүздесіп, құқықтық кеңес берді. Оған қоса кішкентай бүлдіршіндерді ойнатып, көңілдерін аулады.

Айта өтетін ақпарат, полиция қызметкерлері тарапынан қайырымдылық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.