Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Отан қорғаушылар күні», «Жеңіс күні» мерекелеріне орай салтанатты шара өткізілді. Оған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, жеке құрам, ішкі істер органдарының ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік шарада ҚР Мемлекеттік Туы құрметпен кіргізіліп, Әнұран шырқалды. Одан әрі жиналғандарға қос мерекеге арналған құттықтау бейнеролигі көрсетілді. Қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайларына құрмет көрсетіліп, арнайы мерекелік сыйлықтар үлестірілді. Алғашқы сөзді алған облыстың бас полицейі М.Қабденов: «Құрметті Отан қорғаушылар, ардақты ардагерлер, қызметтес әріптестер! Сіздерді мамыр айында қатар келетін ең маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтаймын!
Халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, полиция елдің сенімі мен амандығы жолында қызмет етуде. Әрбіріңіз қасиетті өңірдің тәртіп сақшысы ретінде өзгелерге үлгі болып, адал қызметтеріңізді жалғаңыздар! Ал сұм соғыста ел үшін кеудесін оққа тосқан ата-бабалардың ерлігі бізге аманат. Олардың батырлық әрекеттері ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан жерді қорғап, Отанды сақтау бізге парыз!»-деп, мерекелік құттықтауын жеткізді. Одан әрі құттықтау сөзін ТО ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жанқожаев алып, өзінің ізгі тілегін арнады.
Мерекелік іс-шара полиция қызметкерлері, ардагерлерді марапаттау рәсімдерімен жалғасты. Яғни өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін ҚР ІІМ, ПД басшылығы тарапынан марапаттар ұсынылды.
Қос мерекеге орай «Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісімен полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков марапатталды. Полиция майорлары Меруерт Әбдіқадырқызы, Азамат Арыстанбаев, Азат Мұсырманқұлов «Кезектен тыс полиция подполковнигі» шенін алса, полиция капитандары Н.Елшібаев, Е.Алдияров, У.Уптияровтар «Кезектен тыс полиция майоры арнаулы атағын» иеленді. Ал «Бір саты жоғары полиция полковнигі арнаулы атағын» полиция подполковнигі Б. Маханбетов алды. «Бір саты жоғары полиция подполковнигі арнаулы атағын» полиция майорлары Е. Молдақұлов, Д. Қараходжаев, Р. Бейсенбаев иеленді.
Сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция подполковнигі С.Бахтығалиев, полиция майоры Н.Ерман марапатталды. Аталған мамыр айындағы ел қорғандарына тиесілі екі бірдей мерекеде «ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен» полиция подполковнигі М.Естемесов, полиция майоры К.Асылбеков марапатталды. I дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» омырау белгісі полиция майорлары Н.Алдашев, Ә.Есалиевке тағылды.
Ал ІІМ Грамотасымен полиция аға лейтенанты М.Бекбау, жетекші маман Б.Құрманова марапатталса, «Алғыс хат» полиция аға лейтенанты Ж.Исаевқа берілді.
Бұдан бөлек департамент бастығының бұйрығымен қызметін мінсіз атқарған 100-ден астам қызметкерге Грамота, Алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды. «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгілері табысталып, ардагерлерге естелік сыйлықтар берілді.
Айтулы іс-шара соңында еңбегі еленіп, марапатқа ие болған тәртіп сашылары өздерінің шынайы алғыстарын жеткізіп, бұл марапаттар — алдағы жұмыстарына жаңа серпін беретінін айтып өтті. Жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.