Ntime.kz. Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі мүгедектігі бар адамдарды инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады. Министрлік өкілі бұл жұмысты «Amanat» партиясының жол картасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізетінін айтты. Шымкентте өткен жылы 196 объектіні бейімдеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 772 әлеуметтік маңызды нысанды бейімдеу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Бүгінгі таңда көпшілікті зейнетақы мәселесі алаңдататыны белгілі. Өйткені қолданыстағы жүйе бойынша зейнетке шығатындарды 3 буынға бөліп қарастырған, 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер – жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді. Өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып, болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілді. Кодекс бойынша салымшылар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Сондай-ақ, кездесу барысында вице-министр ана мен баланы әлеуметтік қолдау, мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін баяндады. Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Әлеуметтік Кодекстің қабылдануымен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өсіп, мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға артқан. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артты. Жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23%-ға өскен.
Былтыр әлеуметтік сала үшін қомақты жыл болды. Адам өмірін түгел қамтитын құжат – Әлеуметтік Кодекс қабылданды. Ол адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейін әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру шаралары, қиын өмірлік жағдайда әлеуметтік көмек көрсету және қарт адамдарға қолдау көрсету осы құжатқа топтастырылған. Заң талаптары да бір ізге түсті. Мұның бәрі әлеуметтік саланы жетілдіруге зор ықпал еткені сөзсіз.