Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев азаматтарды қабылдау өткізді деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Карантиндік шектеулерге байланысты кездесу онлайн режимде ұйымдастырылды.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері Жақсылық Досаев өз кезегінде ардагерлерге, яғни зейнеткерлерге өз алдына санаторий керектігін айтып, Тараз қаласындағы темір жолдың арғы бетіндегі тұрғын алқаптағы әлеуметтік мәселелер мен Абай көшесінен көпір салу жайына көңіл бөлуді сұрады.
Аймақ басшысы барлығы заң аясында шешілетінін жеткізіп, қаладағы «Атлетик» спорт кешені базасынан ардагерлерге арналған емдеу-сауықтыру орталығын ашу мәселесі қаралып жатқанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда мұнда коронавируспен ауырған науқастарды оңалту орталығы жұмыс жасауда.
Шу ауданынан байланысқа шыққан Ержан Қаршығабеков «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттарды бөлу бойынша бюджет қаражатын жұмсауына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы пікірін білдірді. Сол секілді, қабылдау кезінде цифрландыруға қатысты да бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.
Бердібек Сапарбаев ұтымды ұсыныстар мен нақты шағымдар ескерусіз қалмайтынын, ол бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін атап өтті.