Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, департаменттің ұжымы, яғни полицейлер, мемлекеттік қызметкерлер мен тазалықты қамтамасыз ететін қызметкерлердің барлығының ұл-қыздарына арнайы Жаңа жылдық кеш ұйымдастырды. «Оқушылар сарайында» өткен іс-шараға 3 жастан бастап 10 жасқа дейінгі 150-ге тарта бала қатысты.
Ең алғаш кішкентай қонақтар үлкен жасыл шырша жанына жиналды. Мұнда ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар келіп, балаларды Жаңа жылмен құттықтады . Көңілді мерекені Түркістан облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жанқожаев пен полиция полковнигі Мақсат Асқаров ашып, бас полицейдің құттықтауын жеткізді.
Одан кейін мерекеге лайықты сахналық киім киген бүлдіршіндер әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Генералдың Жаңа жылдық тосынсыйы мұнымен толастамады. Яғни түркістандық полицейлердің перзенттері концерт залына өтіп, сахналық ертегі қойылымын тамашалады. Сондай-ақ Жаңа жылдық шарада балаларға сый-сияпат жасалды. Мерекелік шарада балғындардың жүзі бал-бұл жайнап, Жаңа жылды шаттыққа толы бағдарламамен қызықты қарсы алды.
Өз кезегінде жеке құрам қызметкерлері іс-шараны ұйымдастырып, ұл-қыздарына мереке сыйлаған генерал Мұрат Талапұлына алғыс білдірді. Алдағы келе жатқан жаңа жылдан үлкен үміт пен жақсылықтар күтеміз. Жаңа жыл еліміздің жаңа дәуірін жалғастырады деп сенеміз. Ендеше, баршаңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Балаларымыздың болашағы жарқын болсын!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі