Онкологиялық аурулар Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем елдерінде өзекті болып отыр. Соңғы 20 жылдың ішінде елде онкологиялық аурулармен аурушаңдық 25%-ға артып, одан болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді. Осындай үрдіс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде де байқалады. Алайда, ЭЫДҰ елдерінде обыр ауруы кезіндегі 5 жылдық өмір сүру ұзақтығының деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының онкологиялық және туберкулез аурушаңдығы бойынша Н.Асылбековтың төрағалығымен үйлестіру кеңесі өтті.
Жиында онкологиялық орталық директоры Ж.О.Мауленов қызмет барысының 5 айлық есебінің кешенді жоспар индикаторлары онкологиялық аурулардың ерте сатыдағы үлесін ұлғайту жайында сөз болды. Ауруды анықтайтын онкологиялық аурулардың асқынған жағдайларының үлесін азайту, онкологиялық аурулардан болатын өлімді төмендету әдістері әңгіме арқауына айналды. Онкологиялық аурулары бар пациенттердің 5 жылдық өміршеңдік деңгейін ұлғайту бойынша, онкологиялық скринингтік тексеру, №112 ҚР халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру бұйрығы қағидаларының бірі, онкологиялық сырқатқа күмәнді науқастардың жасыл жолақ бойынша тексерілу барысын баяндады. Басқарма басшысы Н.Асылбеков орталық директорына көрсеткіштер мен емханалар қызметін тез арада жақсарту бойынша бірнеше тапсырмалар берді.
Сондай-ақ үйлестіру кеңесінде Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс фтизиатр дәрігерлері Бибігүл Тұранқызы және Айгүл Мұхтарқызы қала бойынша ересектер мен балалар арасындағы 2024 жылдың 6 айындағы туберкулез ауруының эпидемиологиялық жағдайын баяндады. Фтизитар дәрігерлерінің баяндамасы бойынша туберкулез ауруын алдын алу мен кеткен кемшіліктер бойынша талдау жасалынып, медицина ұйым басшыларына ескерту берілді.
Елімізде онкологиялық аурулар барлық аурулардың құрылымында 7-орында, өлім-жітім бойынша қанайналым жүйесі ауруларынан кейін 2-орында тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда аздап жоғары 57%-ды құрайды. Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обырының тұруымен түсіндіріледі. Еңбекке қабілетті адамдардың сырқаттануы 56%-ды құрап отыр.