Нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда

Бүгінгі күні нашақорлық — бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл қоғамның қасіреті болып отыр. Нашақорлық адам денсаулығына тікелей әсер етіп, үлкен зиянын тигізеді.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды іске асыру аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2023 жылғы бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы барлық жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында студенттерге арнайы дәрістер өткізілуде.

Кезекті іс-шара Орта Азия инновациялық университетінде өткізілді.

Аталған іс-шараға Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Қарлығаш Қорғанбаева, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, спорт шеберлері қатысты.

Дәріс барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.

Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.