«Отау» жастарға көңіл бөледі

Отау

Осы көктемде Қазақстанда бірден екі жаңа ипотекалық бағдарлама – «Отау» және «Наурыз» іске қосылды. «Отбасы банкінің» деректері бойынша елімізде 1 мамырға дейін «Отау» бағдарламасымен 22 853 және «Наурыз» бағдарламасы бойынша
2 336 өтініш тіркелген. Бұл ретте соңғысы, мамандардың болжамы бойынша, қазақстандықтардың қызығушылығын тез арттыруда. Осы екі бағдарламаның шарттары ұқсас болғанымен, халықтың әртүрлі топтарына арналған.

«Отау» жұмыс істейтін жастарға көбірек көңіл бөледі. «Отбасы банкінің» өтініші бойынша жыл сайын қарыздардың жартысынан көбі 35 жасқа дейінгі азаматтарға бөлінеді. «Наурыз» бағдарламасы азаматтардың әлеуметтік осал топтарына ыңғайландырылған.

– «Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша Отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінеді. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Бақытбекұлы

Сондай-ақ, спикер екі бағдарламаның да займ мөлшерлемесі инфляция деңгейінен төмен екенін және оның «Отбасы банкі» арқылы субсидияланатынын айтты. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік «Отбасы банк» клиенттеріне «несиеден шаршауды» болдырмауға көмектеседі.

«Отау» бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылды. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін қазақстандықтар otbasybank.kz порталының Баспана-маркет бөлімінде бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алды.
Шарты бойынша алғашқы жарна 20 пайыз, кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9 пайыз, несие мерзімі – 19 жылға дейін. Өтініш беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Ұпайлар салым бойынша, салым мерзімі, тіркелген неке, балалардың санына қарай есептеледі.

Егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.
Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 айға дейін жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек. Бүгінгі таңда 8 000 қазақстандық «Отау» бағдарламасына қатысатыны жайлы қуанышты хабарлама алды.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш 25 сәуірден 30 маусымға дейін жалғасады.
Осы уақытқа түскен өтініштердің дені тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.«Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома болуы керек. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбайды.
Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана-маркет платформасы сағатына орта есеппен 400 өтініш қабылдауға қабілетті.