«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екіншісі — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің. Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.Білімсіздік — хайуандық болады. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады». Адамзаттың Абайы отыз сегізінші қара сөзінде осылай деген. Тағы… отыз екінші қара сөзінде былай деп жазады: «Егер көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды». Қолы бос, тірлігі жоқ – азғын адам екенін өлеңмен де, қара сөзбен де ойшылдан артық ешбір жан нақты айтпаған. Келісетін шығарсыз?!Ғибратты сөздерді, әсіресе, жастар, балалар көңіліне түйіп, құлағына құйса дейміз. Біліммен мыңды жықсақ дейміз ғой, сол баяғы. Елдің болашағы – жастар. Көп еститін, газет-жорналдардан жиі оқитын сөйлем. Рас қой. Дау жоқ. Алайда, сол болашақтың тізгінін ұстауға, жауапкершілікпен іс тындырып, елім, жерім деп кез-келген тірлікке білек сыбана кірісіп, білімі мен білігін өз ортасын жайнатып, жарқыратып жіберуге, қоғамға пайдасын тигізуге дайын жастар қайда жүр? Мүлдем жоқ дей алмаспыз. Бірақ, неге бірен-саран? Барының өзіне берілер бағыт жүйесіз, қамқорлық кемшін бе әлде? Соңғы жылдары «NEET санатындағы жастар» деген тіркес көп пайдаланылады. Бұл — оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен, жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастар тобы. Бір сөзбен «құлықсыз жастар» деп атауға болады. Әрине, мұндай мінез-құлық жастардың қоғамнан алшақтауына әкеліп соқтырады. Олар әлеуметтік ортада өздерінің керексіздігін сезініп, басқа жол табуға ұмтылады. Суицид, дивиация секілді проблемалардың бәрі осыдан келіп туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады. Қазіргі таңда осы санаттағы жастармен жұмыс істеу бойынша Республикалық, жергілікті деңгейде Жол картасы, арнайы жоспарлар түзіліп, іс-шаралар кестесі бекітіледі. Биыл да солай. Жалпы, Түркістан облысында аталған санаттағы жастар шамамен 35 000-ды құрайды. Бұл республикадағы көрсеткіштің 10 пайызға жуығы дегенді білдіреді. Биылғы қаңтарда болған қанды оқиғада «басты қолшоқпарларға» айналғандардың арасында осы «құлықсыздардың» болуы да ықтимал…Өзекті өртейді. Сол баяғы құлықсыздық, енжарлық танытатындар бассыздық әрекетке келгенде тым белсенді. Неге? Көкейдегісін ортаға салып, ойын айтса мейлі. Алайда өз замандастарының, отандастарының ісіне жаудай тиіп қиратқанда, өзгенің, елдің мүлкін талқан еткенде жұмыс табылып, білімі тереңдей ме??! Себепті өзгеден іздеу дәл осы жолы қисынсыз. Қоғамда осы бағытта, жастармен жұмыс бойынша қолға алынатын жобаларда, іс-шараларда жүйелілік, жаңа бір әдіс-тәсіл кем бе? Қоғамның қозғаушы күші — жастар дейміз. Ал сол болашақ тізгінін ұстаушы жастардың әлеуметтік қорғалуы өз деңгейінде дей алмаймыз. Соңғы әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып келісі өзекті тұстарды назарға алуды ұсынамыз:1. Жастарды, жас отбасыларды тұрғын-үймен қамту;2. Студенттердің жатақхана санын көбейту;3. Өз ісін бастайтын жастарға төмен пайыздық несиелер немесе стартап (StartUp) гранттар қарастыру; 4. Жас кәсіпкерлерді салықтан 3-5 жылға дейін босату;5. Жұмысқа орналасу бағдарламаларын ақпараттандыру (жұмыс ұсынатын органдар мен кәсіпорындар тарапынан тартымды насихат жүргізу);6. Ауылдарда спорт, өнер кешендерінің инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру. Сонымен қатар облыс орталығында жастар орталығы ғимараты бой көтерсе деген ұсыныс жасалған. Бүгінгі таңда қоғамның қозғаушы күшін біріктіруге жұмыла жұмыс істеуге қажетті ғимарат жалға алынып отыр. Бұл ретте облыс бюджетінен қаржы қаралып, жаңа нысанның жобасы жасалуда. Келесі жылы құрылысы басталады деген жоспар бар.Бұл шаралар тек жоспарланып қоймай, сапалы нәтижесін бергені тек жастар үшін емес, жалпы өңір, республика үшін аса маңызды. Оған қоса, жыл басында Мемлекет басшысы жастарға қатысты бірқатар мәселелерді нақтылап, оған қатысты тапсырмалар берді:- Жастарды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек. — Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керек.- Жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырып, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту бойынша жұмысты жүйелек керек.- Жастардың және халықтың осал топтарының іскерлік бастамаларын іске асыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке тиісті грантты екі есе 400 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.- Елдің халық тығыз орналасқан өңірлерінің жастары үшін нысаналы гранттар бөлу қарастырылуы керек.Тапсырма нақты. Жүйеленген жұмыс сапалы орындалуы үшін жауапты органдармен қатар, жастар ұйымдары да белсене нәтижеге жұмыс істеуі керек. Бүгінгі таңда Түркістан облысы халқының (2 046 682) 23,1%-ын жастар құрайды. Ал оның Оның 82%-ы ауыл жастары, қалған 18%-ы қала жастары.Облыста 18 Жастар ресурстық орталығы (1-облыстық, 17 аудан, қалалық) бар. Жалпы орталықтарда 382 маман жұмыс істейді. NEET санатындағы жастарға арналған «Өмірің өз қолында», «Өзіңді оят, дәл қазір әрекет ет», «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ» тақырыптарда іс-шаралар, «Мақсатымыз бір» семинар-тренинг, «Evening sport» спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жалпы 10 мыңға жуық жастар қамтылған. Оған қоса, жеке мәселесі бойынша 232 жасқа психологиялық көмек көрсетілді.Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы NEET санатындағы жастар пайызының 2020 жылғымен салыстырғанда 2,5% азайған.2022 жылы, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, адами әлеуетті дамыту, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, туризм басқармаларымен бірлесіп қысқа мерзімді кәсіби оқытулар (мемлекеттік тапсырыс аясында), ынталандыратын (мотивационный), әлеуетін дамытан семинар-тренингтер, салалық (спорт, өнер, кәсіптік) үйірмелерді жандандыру, еріктілер қатарына тарту жұмыстары басталып кетті.Оған қоса, жас кәсіпкерлерге өз ісін бастау үшін «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылдың 2-жартыжылдығында жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 5 млн.теңге грант көзделіп отыр және «Атамекен» КҰП, «Ырыс» ЖШС микроқаржы ұйымдарынан төмен пайыздық несие алу жолдары қарастырылуда.Міне, осы жұмыстардың шарапатын сол жастар көруі үшін, әр жас алдымен, ниетін түзеуі керек. Мен өз жеріме, еліме пайдамды тигізсем, өзімді ілгерітемін. Білімімді арттырсам, жұмыс істесем деген ынта, жігер ғана талаптандырып, ой — сөзге, сөз – іске асады. Сондықтан, жас жерлес, батыл бол! Жігерлен! Қадам бас! Жаңа Қазақстанды құру өзгелерге емес, ӨЗІҢЕ қажет!Көк аспан мен ту астында күн сөнгенше БІРГЕМІЗ, қазақ жастары!
А.Өсербаев,Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы