Шымкенттік  4 815  оқушы алты бағыт бойынша 62 үйірмеге тегін барады

оқушы

Ntime.kz. Тегін үйірмелер бәріне қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы Шымкентте ойдағыдай жүзеге асуда. Бұған дәлел былтыр ғана ресми ашылған №2 Оқушылар сарайы. Орталық аз уақыттың ішінде көптің көңілінен шығып үлгерді. Мұнда бір жылдың өзінде 5000-ға жуық баланы тегін үйірмемен қамтыған. Мекеме жылды қорытындылап, жетістіктерін арнайы атап өтті.

Қосымша білім беру ұйымы өткен жылдың 1 тамыз айынан 6-16 жас аралығындағы балаларды қабылдауды бастады. Бүгінгі таңда оқушылар сарайында 6 бағыт бойынша 62 үйірмеге 4815 бала қатысады. Мекеме балалардың сүйікті мекеніне айналған. Салтанатты шарада осындағы үйірмелерге қатысып топ жарып жүрген жас өнерпаздар ән салып көпті тәнті етті. Есеп беру кездесуіне Қаратау ауданының әкімі арнайы келіп, құттықтау тілегін жеткізді.

Оқушылар сарайы басқа қосымша білім беру ұйымдарына ұқсамайды. Қалада аналогы жоқ. Соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен толықтай жабдықталған мекеме үш қабатты типтік ғимаратта орналасқан. 232 оқу кабинеті, заманауи кітапхана мен арнайы медициналық пункт те қарастырылған. Ерекше көзге түсетіні — ғылыми-техникалық бағыттарға қойылған техникалар.

Аталған өнім беруші кәсіпкерлерге біз осы шығармашылық үйірмені барынша шынайы, таза, бекітілген қаражатты өз мақсатында тиімді жұмсауын тұрақты түрде қадағалап, ескертіп келеміз. Біздің қазіргі қаражатымыз бекітілген балалардың базалары енгізілген. Автоматты түрде есептеп, осы көлемдегіні жыл бойы осы балаларға тиісті деңгейде төлеуге аталған қаржының мүмкіндігі бар, дейді жауаптылар

Бүгінгі күнге дейін қаладағы қосымша білім беру ұйымдарында жүзу бассейндері жоқ еді. №2 Оқушылар сарайында барлық талапқа сай жасалған 2 бассейн іске қосылып, қазір жүзу үйірмесінде 870 оқушы және ерекше білімді қажет ететін 100-ге жуық бала шынығуда. Сонымен қатар, ерекше балаларымыз үстел теннисіне де қатысады. Фитнеске де сұраныс артқан. Жалпы 16 түрлі спорт үйірмесімен 2282 бала қамтылып отыр. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қабілетіне қарай өнерін шыңдауға баулитын орталық алдағы уақытта өз шәкірттерінен үлкен үміт күтетінін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.