Шымкент қаласы Төлеметов пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысында қарақшылық шабуыл орын алды. Оқиға қаладағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінде орын алған.
Бұл жайт бойынша 2022 жылдың 3-желтоқсанында Қаратау ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында түнгі 4:50 шамасында жанар-жағармай құю бекетіне белгісіз тұлға бетперде киіп, касса қызметкерін қорқыту арқылы ақшасын алып, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен.
Аталған жайт Қазақстан Республикасы Құқықтық Кодекснің Қарақшылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Патрульдік полиция полкінің №734, 717, 718, 713 автоэкипаж қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде, күдікті азамат қала аумағынан жолай такси тоқтатып қашып бара жатқан жерінен қолға түсті. Ол Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны болып шықты. Жасы 23-те. Жұмыссыз.
Күдікті әрмен қарай Қаратау ауданы Полиция басқармасына жеткізілді. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілдерде орын алады. Түн ортасында көше-көшені кезіп, қарақшылық жасап, адамдарды торуылдап жүретін жеткіншектің көп қатерге ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Қалай десек те, жастар арасындағы бұл түйткіл қоғамымызда өте өзекті мәселе болып отырғаны анық. Жергілікті атқарушы билік пен ішкі істер органдарының біріккен алдын алу шараларының арқасында қазіргі таңда бұл қауіпке тосқауыл қойылуда. «Баланы жастан…» деген тағылымды сөз қалдырған ата-бабаларымыз бұрын иманнан безген, өз ортасында бүлік шығарғандарды бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатып, тентегін тезге салып отырған. Сол қазақы тәрбиенің тізгінін босатпау – бүгінгі әрбір ата-анаға, әрбір отбасыға үлкен сын. Жас ұрпақ тәрбиесіне сергек көңілмен, биік талғаммен қарасақ қана, көңілімізді қауіп билемесі анық.