Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде сотталғандардың сапалы медициналық көмек алу құқықтарының бұзылуының көптеген фактілерін анықтады деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Шымкент қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
5 қызметкердің тиісті медициналық білімі мен медициналық көмек көрсетуге сертификаты және мекемелердің бірінде медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы жоқ екені анықталды.
Бұл ретте пенитенциарлық мекемелердің және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылары тиісті кадр құрамын қалыптастыру және қажетті лицензияны ресімдеу жөнінде шаралар қабылданбаған.
Нәтижесінде қаланың пенитенциарлық мекемелерінде сотталған адамдарға, әсіресе диспансерлік есепте тұрған адамдарға және мүгедектерге медициналық бақылаудың жүйелі түрде болмауы байқалады (421 диспансерлік есепте тұратындарға(аурулардың әртүрлі диагноздарымен), оның ішінде әртүрлі топтағы 66 мүгедекке).
Мекемелердің медициналық-санитарлық бөлімдері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің, «Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын, бақылау кезеңділігі мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселігін бекіту туралы» ДСМ №149/2020 бұйрығының, «Сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан бас бостандығы шектелген адамдарға, сондай-ақ ұсталған, қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» ІІМ №745 бұйрығының және барлық клиникалық хаттамалар талаптарын бұзған.
Жоғарыда аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданды (ӘҚБтК-тің 424,426,464-баптары бойынша).
Анықталған бұзушылықтар бойынша қала прокуратурасы ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің атына және қала әкімдігіне тиісті қадағалау актілерін енгізді.