Сайрам ауданында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін кинотуынды көрсетілді

кинотуынды

Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан. Ал оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер- жалпы ұлттық құндылықтар. Бүгінгі таңда патриоттық сезімді тәрбиелеу – өз халқының ана тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті ояту. Әрбір азамат қазақ халқын құрметтеп, оның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы рөлін түсінуі керек. Бұл ретте құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті, жалпы адамзаттық құндылықтарға терең құрметпен қарауды дамыту қажет.

Осы орайда Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасына сәйкес, жастардың санасына отансүйгіштік сезімді сіңіре отырып, оларды идеологиялық бағытта тәрбиелеу бойынша жұмыстар атқару қолға алынған болатын. Анығын айтқанда, жеткіншектерді еліміздің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеуге, патриоттыққа баулуға басымдық берілді. Сондықтан ауыл округтердегі барлық мәдениет ошақтарында, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда отансүйгіштік мазмұндағы киноларды көрсету күн тәртібіне қойылды.

Осыған орай, 25 қазан — «Республика күні» қарсаңында, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қарабұлақ ауылындағы мәдениет үйінде отандық танымдық кинофильм жұртшылыққа жол тартты.

Ұстаздар қауымы мен оқушылар және ауыл тұрғындарының назарына ұсынылған киноның мән-мазмұны айтарлықтай маңызға ие екені анық. Қысқаша түйініне тоқталсақ, жас буынды ата-анаға, ұстазға, Отанға, туған елге, жерге құрмет көрсетуге жетелейтін түрлі тақырыптар қамтылды. Олардың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталды.

Бұдан бөлек, танымдық кинофильмде бүгінгі таңда қоғам қасіретіне айналған нашақорлық, сыбайлас жемқорлық, оқушылар арасындағы ойынқұмарлық секілді көкейкесті мәселелер де кеңінен көрініс тапты.

Айта кетейік, бұл бағыттағы кинотуындыларды тұрғындарға көрсету жұмыстары қазан айының 14-18 күндері аралығында басқа ауылдық округтерде де жалғасын табатын болады.