Тұрғындардың өтініші бойынша ХҚКО жаңа ғимаратқа көшті

Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитовтың тапсырмасымен аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мекен-жайын өзгертті. Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Д.Сатыбалды Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесуінде ХҚКО мекен-жайын ауыстыруды сұраған болатын. Тұрғындардың айтуынша, ХҚКО қолайсыз жерде ораласқанын, кептеліс болатынын айтқан. Халықтың тілегі орындалып ХҚКО орталығы енді Әйтеке би ауылындағы (Сайрам Тазалық мекемесіне қарама-қарсы ғимарат) жаңа ғимаратқа көшкенін хабарлаймыз.

Заманауи фронт-кеңседе мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған. Жаңа ғимарат 3 қабаттан тұрады және 2100 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ыңғайлы тұрақ бар. Бүгінде аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында 39 қызметкер, ал мамандандырылған ХҚКО-да 27 маман жұмыс істейді.

Жаңа мекенжай бойынша қызметтерді алу дүйсенбіден бастап 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтінін ескеріңіз.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі