Сайрамда  аудан әкімінің кубогы үшін республикалық жайдарман сайысы өтті

жайдарман

Еліміздің болашағы жастар десек, олардың бос уақытын тиімді пайдалануы маңызды. Бүгінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, оларға бірлік пен ынтымақты дәріптеуде билік тарапынан түрлі іс- шаралар жүргізіліп келеді.

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы Қ.Жандарбеков атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы үшін республикалық «Жайдарман» сайысы өтті.

Мақсат — жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, оларды мәдениеттілікке баулуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға, әділетті және ынтымақты болуына арналған. Сайрам ауданы әкімдігі мен прокуратурасы қолдау көрсеткен сайыс жастарды құқық бұзушылықтан сақтандырып, пайдалы іспен айналысуға шақырды.

Әзіл кешінің жүргізушісі, танымал әзілкеш Нұрсұлтан Үсеновтің арқасында кеш көңілді өтті. Түрлі аймақтардан жиналған командалар — Шымкент қаласынан «Мадмуазель», «Сезон», «Самал 3», Ақтөбе облысынан «Бізде осы», алматылық «Эверест», облыс намысын қорғаған «Төле би» мен Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командалары өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді.

«Жастардың бойындағы дарынды қолдау арқылы, оларды жат қылықтардан сақтап, болашаққа бағыттау — елдің ең үлкен байлығы» деген ұлағатты сөз бұл кештің маңыздылығын айқын көрсетеді.

Сайыс нәтижесінде Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командасының ойыншысы Бекқұлы Ерман «Үздік ойыншы» атанды. Шымкент қаласынан «Мадмуазель» командасы 3-орынды қанағат тұтса, Ақтөбеден келген «Бізде осы» 2-орынға тұрақтады. Ал, «Эверест» командасы 1-орын алып, сайыс жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов пен аудан прокуроры Д.Тлемисов құттықтап, өнер көрсеткен командаларға ыстық ықыласын білдірді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.