Сайрам ауданы, Қарасу ауылында «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. «Аят-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі заманауи өсімдік өнімдерін қайта өңдеу цехын ашып, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.
Бұл жобаның бастамашысы – жеке кәсіпкер Ибрахим Саражов. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 29,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өңдеу цехына қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтады. Цехта көкөністер мен жеміс-жидектерді кептіру, консервілеу және буып-түю жұмыстары жүргізіледі.
Цехтың іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалануға жол ашты. Бұған дейін сатылмай қалған немесе шіріп кететін өнімдер енді қайта өңделіп, ұзақ сақтауға жарамды өнімдерге айналуда. Бұл жергілікті тұрғындар үшін табыс көзін ұлғайтып, ауыл экономикасының дамуына тың серпін беруде.
Қазіргі таңда цехта 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта өндірісті кеңейтіп, өнім көлемін арттыру көзделуде. Жоба ауыл кәсіпкерлеріне үлгі бола отырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.