Еңбек қауіпсіздігі — кәсіподақ назарында

Жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымы 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл іс-шараның мақсаты жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады.

Осы орайда Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «№13 А.Навои атындағы жалпы орта мектебі» ұстаздарымен семинар-тренинг өтті. Семинардың мақсаты еңбек қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу, еңбек жағдайын жақсарту мен жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау болып табылады.

Семинарға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, «ШАПАҒАТ-ПЕДАГОГ» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гульнара Тлеубердиева, №13 А.Навои атындағы жалпы орта мектебінің директоры міндетін атқарушы Искандар Атабеков және кәсіподақ активі қатысты.

Іс-шара барысында Айдар Бахтыбаев сөз алып, қатысушыларға еңбекті қорғау мәселелерінде кәсіподақтың рөлі, жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайына және жазатайым оқиғаларға жол бермеуге көңіл бөлуін күшейту, қауіпсіз еңбекті насихаттау және жұмысшылардың еңбек процесінің қауіпсіздігіне саналы көзқарасын арттыру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормалары мен қағидаларының бұзушылықтарын уақытылы анықтап жою мәселелері талқыланып, техникалық инспекторлардың құқықтары мен өкілеттіктерін түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, Искандар Атабеков ұжымдағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша шаралардың жүргізілу барысы жайлы баяндады.

Айта кетейік, аталған білім ордасында 185 еңбеккер жұмыс істейді. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігіне кіреді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Эрполат Моминов.