Сайрамда жас механизаторлар сынға түсті

үздік механизатор

Сайрам ауданы білім бөлімінің «Оқу-өндірістік комбинаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, кәсіби бағыттағы білім мен тәжірибесін жетілдіру мақсатында «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі» мамандығы бойынша білім алып жатқан оқушылар арасында «Үздік механизатор – 2025» атты кәсіби байқау ұйымдастырды.

Аталған байқау оқушылардың теориялық білімін, техникалық қауіпсіздік ережелерін меңгеру деңгейін және тәжірибелік дағдыларын бағалауға бағытталған. Іс-шара бірнеше кезең бойынша өтті:

  1. Тест тапсырмасы – Оқушылар ауыл шаруашылығы техникасына қатысты оқу бағдарламасының модульдерін қамтитын теориялық сұрақтарға жауап берді. Бұл кезеңде олардың кәсіби білім деңгейі сыналды.
  2. Кеспе қағаз тапсырмалары – Қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникасында жұмыс істеу барысында сақталуы тиіс техникалық қауіпсіздік ережелері және техниканы күтіп-ұстау жұмыстарының түрлері мен реттіліктері бойынша тапсырмалар ұсынылды. Мұнда олардың нұсқаулықтарды дұрыс орындау біліктілігі бағаланды.
  3. Тәжірибелік жүргізу тапсырмасы – Байқаудың бұл кезеңінде оқушылар тіркемелі тракторды артқы жүріспен жүргізіп, белгіленген тар қақпаға дәл кіргізу арқылы өз шеберліктерін көрсетті.

Барлық қатысушылардың жұмыстары алдын ала белгіленген бағалау критерийлеріне сай сарапшылар тарапынан әділ бағаланды. Нәтижесінде, төмендегідей жеңімпаздар анықталды:

Жүлделі орын иегерлері:

  • 1-орын – М.Махсатов (жетекшісі – Е.Сапарбеков)
  • 2-орын – Ш.Амоев (жетекшісі – А.Кадыркулов)
  • 3-орын – А.Хавасханов (жетекшісі – Н.Медетов)

Сондай-ақ, байқау барысында ерекше көзге түскен қатысушыларға «Үздік механизатор» арнайы номинациясы берілді. Бұл атақты Ж.Шапулатов (жетекшісі – Ж.Олжабаев) пен Ш.Сайдазимов (жетекшісі – Х.Рахмантаев) иеленді.

Байқау барысында оқушылар арасында кәсіби шеберлікпен қатар, тәртіптілік, ұйымшылдық және өз мамандығына деген қызығушылық ерекше байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды еңбекке баулуға, ауыл шаруашылығы саласына деген ынтасын арттыруға және нақты дағдыны меңгеруіне үлкен үлес қосады.