Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «Verum» ЖШС компаниялар тобының бас директоры Әлішер Есмағамбетовпен кездесті. Әкімдік ғимаратында өткен шараға жер, сәулет құрылысы және кәсіпкерлік бөлімінің басшылары мен «Ізгілік» пен «Қолғабыс» қайырымдылық қорының жетекшілері де қатысты. Тараптар арасында өрбіген әңгіме барысында ұлт саулығын сақтау мен осы бағытта қолға алынуы тиіс жоспар, жобалар туралы айтылды. Нақтылай түскенде, Арыс қаласына қарасты Саналы ауылынан заманауи талапқа сай медициналық емдеу-сауықтыру кешенін салу мәселесі кеңінен талқыланды. «Мемлекет басшысының Жолдауында: «медицина саласына инвесторларды тартып, озық технология мен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» дегені белгілі. Міне, осыған орай біз өз құзыретіміздің шеңберінде жергілікті жерде медицина қызметінің жандануына үлес қосуға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек», – деді Гүлжан Мамытқызы. Сондықтан да, осы мәселеге қатысты қала әкімі қалалық жер бөлімі мен сәулет құрылыс бөлімінің жетекшілеріне тиісті деңгейде көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бөлімнің жетекшісіне қажет болған жағдайда инвесторлардың несие алуына мүмкіндігінше қолдау білдіру керектігін ескертті.Ал өз кезегінде сөз алған «Verum» ЖШС компаниялар тобының бас директоры 1,5 мың шаршы метр аумақты құрайтын медициналық емдеу-сауықтыру кешенін салуды көздейтінін жеткізді. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: «медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс деп айтқаны белгілі. Жалпы, біздің клиникамызда осы аталған қызметтермен қатар азаматтарымызды емдеу-сауықтыру шараларымен қамтамасыз ететін боламыз», – деді Әлішер Шындықұлы.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі