Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткен ғасырдың 30-жылдары еліміздегі ашаршылықта, Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған шейітке арналып Түркістан облысы Созақ ауданында «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды. Жиынға кәсіподақтар тарапынан «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері, қайта өңдеу кәсіпорындары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіпорны қоғамдық бірлестігінің төрағасы Барлыбай Қуандықов, кәсіподақ ардагері Досыбай Шерімқұлов арнайы шақырылды.Тарихы әлде де көп зерттеуді қажет ететін Созақ көтерілісіне арналған «Созақ қасіреті» мемориалы Созақ ауыл округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар» саябағында орнатылды. Демеушілер көмегімен салынған мемориалдың ұзындығы – 8 метр. Мұнда Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. «Созақ қасіреті» мемориалының алдына көтеріліс пен ашаршылық деректері жазылған ескерткіш орнатылған. Тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға берер іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, тарихымыздағы маңызды оқиғалар ұрпақ санасында қалатынын, еліміз үшін Созақтың орны ерекше екеніне тоқталды.
Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы