Бүгін Түркістан облысында теріскей аймақтарға ерікті қоныс аударушыларға арналған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкені халық тығыз орналасқан Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласында өткізу жоспарланған.
Сарыағаш ауданындағы шараға облыстық мәслихат депутаттары Жаңабай Ағабеков, Уәлихан Рахиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев қатысты. Жәрмеңкеге Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан жалпы 73 өкіл қатысуда. Олар 6 өңір бойынша жалпы 11 657 бос жұмыс орнын ұсынатын болады. Оның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысы — 1 246, Абай облысы — 1 279, Шығыс Қазақстан облысы — 2 393, Павлодар облысы — 3 464, Ұлытау облысы 523, Қарағанды облысы 2 752 бос жұмыс орнын ұсынады.
Айта кетсек, 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2015-2023 жылдар аралығында өңірден 13 758 адам қоныс аударған. Ал, 2024 жылға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Республика бойынша 7 050 квота бөлген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі