Бүгін Шымкентте қала әкімінің бастамасымен «Таза қала — өзіңнен басталады» атты акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өткізілді. Акцияның алғашқы сенбілігінде қала бойынша 50 мыңға жуық тұрғын атсалысып, 81 елдімекенде тазалық шаралары ұйымдастырылды. Сенбілікте Шымкент қаласы Абай ауданына қарасы Жаңаталап елді мекенінің тұсынан ағып өтетін Бадам өзенінің жағалауы тазаланды.
Тазалық шарасына шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бастап қала әкімі аппаратының, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдікке қарасты барлық салалық басқармалардың, аумақтық органдардың, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен ерікті жастар қатысты.
Сондай-ақ Бадам өзенінің жағалауын тазалауға Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ және Алтынтөбе елді мекендерінің тұрғындары, көшелер мен үйлердің басқарушылары да атсалысты.
Сенбілікке жиылғандар өзен сағасын күл-қоқыстан тазартып, арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарды. Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманқұловтың айтуынша, бүгін сенбілік ұйымдастырылып жатқан Бадам өзенінің жағалауына алдағы уақытта ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр.
Келесі жалпысенбілікте Әл Фараби ауданы аумағына басымдық беріледі. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша шеткі аумақтардағы қоқыс үйінділерінде тазалық шаралары күшейтіледі.
Ал қараша айында тал егу жұмыстары басталады. Қаланың орталықтары, Тұран елдімекені және аэропорт аумағына жапырақты, қылқан жапырақты түрлі декоративі ағаштар отырғызылады.
Бұл «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акция қазан-қараша айларында тұрақты түрде жалғасады.