Тазалық – қоғам емес, ортақ жұмыс

Тазалық – қоғам емес, ортақ жұмыс

Қала тазалығы — тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен мәдениетінің көрінісі. Қаратау ауданында тазалық сақтау мен санитарлық тәртіпті күшейту бағытында күн сайын жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Арнайы техника мен жұмысшылар көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдамалар мен қоғамдық орындарды тазалап, қоқыс қалдықтарын уақтылы шығарып отырады.

Алайда, тазалық сақтау ісі тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындардың жауапсыздығының салдарынан қоқысты көрінген жерге тастау, контейнер сыртына қалдық шығару немесе көше бойына үйінділер жасау секілді тәртіп бұзушылықтар кездесіп жатады. Мұндай әрекеттер қаланың келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Қаратау ауданы әкімдігі бұл бағытта тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. “Таза қала — ортақ міндет” ұранымен ұйымдастырылатын сенбіліктер мен экологиялық акцияларға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ғана емес, тұрғындар да белсене қатысуда. Осындай бірлескен еңбектің арқасында аудан аумағының санитарлық жағдайы жақсарып келеді.

Сонымен қатар, көшелер мен аулаларға қосымша қоқыс жәшіктері орнатылып, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру қолға алынған. Бұл — экологиялық тұрғыдан маңызды қадам, себебі қалдықтарды сұрыптау табиғатты қорғауға, қайта өңдеу ісін дамытуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі қала тұрғындарын тазалыққа бейжай қарамауға, тұрмыс қалдықтарын арнайы орындарға тастауға және қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады. Тазалық — қоғам емес, ортақ жұмыс. Егер әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстаса, қаламыз да көркейіп, өмір сүруге жайлы мекенге айналары сөзсіз.

Қаратау ауданында басталған бұл бастама — тұрғындар мен билік арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Туған қаламызды таза ұстау — бәріміздің парызымыз.