Халықаралық театр күніне орай «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Шайдулла Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан музыкалық-драма театры» МКҚК ұжымына арнайы барып төл мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік шарада өз кезегінде сөз алған Жандос Шайдулла өз сөзінде «Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер еңбек ететін театр бой көтергеніне көп болмаса да түрленген Түркістанның мәдениеті мен өнер саласын жоғары деңгейге көтерді. Түркістан музыкалық-драма театры Қазақстан театрларының ішінде үздіктер қатарында екенін мақтанышпен айта аламыз. «Бөрте» спектаклінің өзі неге тұрады! Қанша рет қойылса да үнемі аншлагпен өтеді. Мұндай жетістікке қол жеткізуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Сіздерге театр өнерінің маңдайалды туындыларын тамашалауға мүмкіндік беріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Қажырлы еңбектеріңіздің, шеберліктеріңіздің, таланттарыңыздың арқасында қала тұрғындары мен қонақтары рухани азық алу үшін театрға асығатын болды. Алдағы уақытта да шығармашылық тұрғыда өрлей беріңіздер, театрда жаңа премьераларыңыз көп болсын дегім келеді» — деп ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ іс-шара барысында театр қызметкерлерінің арасынан оза шауып бәйге алғандарға театр басшылығының, Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының атынан марапаттар табысталды. Көпшіліктің дауысымен «Ең үздік актер», «Ең үздік балет әртісі», «Театр жанашыры» сықылды номинациялардың жеңімпаздары анықталып, сый-құрметке ие болды.
Осыдан соң салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла театрда еңбек ететін кәсіподақ мүшелерін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатымен және сыйақымен марапаттады. Сондай-ақ театр директоры Әлімхан Мырзахан мен театрдың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Ибраеваға «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.