Түркістан облысының полицейлері банкоматқа ұрлыққа түскен жас жігітті анықтады

Мақтаарал АПБ-ға банктердің бірінен арыз түскен. Онда Мақтаарал ауданының көшелерінің бірінде орналасқан дүкен алдында тұрған банкоматтың ішінде болған флешканы белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Осылайша 75 000 теңге шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазба анықталды. Ол жас жігіт жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта. Белгілі болғандай күдікті кешкі сағат 20:00 шамасында дүкенге келген. Содан соң банкомат құрылғысының ашық тұрған артқы жағынан флешканы көріп, қызығып алып кеткен. Жас жігіттің үйінен қолды болған зат табылып, иесіне қайтарылды.Егер, сіз де, ұрлық қылмысының құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.