Биыл Шымкентте жалпы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2024 жылдың 1 тамызына дейінгі жағдай бойынша 27 168 адам қатысып отыр. Бұл туралыӨңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы — Утебаева Жанат Өмірсейітқызы қаладағы жұмыспен қамту шараларының нәтижелері мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берді.
Осы жылғы жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту , кәсіпкерлік бастамаларға бағыттау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру көзделген.
Оның ішінде 4 176 адамға кәсіпкерлігін ілгерілетуге жағдай жасау, 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау, 14 846 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, 3 752 адам кәсіптік оқытуға жолдану жоспарланған. Есепті кезеңде оған 17 163 адам қатысып, жоспар 56,8 пайызға орындалды.
Сонымен қатар Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар мен қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы және кәсіпкерлік бастамалар негізінде құрылған жұмыс орындарына 26 482 адамды орналастыру жоспарланған. Оның ішінде концепциялар бойынша 3 040 жұмыс орны, жеке бастамалармен құрылатын бала бақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 23 342 жұмыс орны ашылу көзделген. Осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 005 адам жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, ҚР Президентінің тапсырмасына орай, 2024 жылы 273 жастарға шағын несие беру жоспарланып отыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жариялаған бұл мәліметтер Шымкенттегі әлеуметтік қолдау мен жұмысқа орналастыру шараларының тиімділігі мен кең ауқымдылығын көрсетеді.