«Тілім менің – тірегім»

Тілім

Қазақстан халқы тілдері мерекесі, бұл күн – “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл” деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің қызметкерлері, ҚХА-ның жанындағы аудандық ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері және этнос жастары қатысты.

Мерекелік іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков және ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Әлібек Байназар қалың қауымды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік дидарласу тіл мен рух туралы, отаншылдық туралы әндерге, өлеңдерге ұласты. Мың бұралған билер мен флешмоб жиынға келгендерді ерекше күйге кенелтті.

Сонымен қатар, №5 М.Горький атындағы жалпы білім беру мектебінде «Тілім менің ғасырларға аманат» тақырыбында мерекелік іс-шарасы жалғасын тапты.

Сондай-ақ Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай облыстық «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан №97 Сұраншы Батыр атындағы жалпы білім беру мектебінде және Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант жазу шарасы өтті.

Диктант қазақтың біртуар перзенті Т.Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Тұрар Рысқұлов – тарихи тұлға» тақырыбында жоғары сынып оқушылары және колледж студенттері этнос жастары арасында жазылды.

Шараның мақсаты: Ашық диктант бүкіл ел бойынша мыңдаған алаңда өтті, оның негізгі мақсаты — мемлекеттік тілдің беделін арттыру және оны қолдану аясын кеңейту, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу.