Тілім менің – мақтанышым тақырыбында фестиваль өтті

Қазақ тілі әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды.Тіл саясаты бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін барша қазақстандықтар түсіністікпен қабылдауда. Бұған дәләл ретінде жыл сайынғы өтетін дәстүрлі Тіл фестивалін айтуға болады.

Жастар ресурстық орталығының ғимаратында Шымкент қаласы білім басқармасының «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» бөлімінің ұйымдастыруымен гуманитарлық пән мұғалімдері арасында «Тілім менің — мақтанышым!» тақырыбында фестиваль өтті.

Мақсаты — мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды насихаттау, тіл-татулықтың, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру және тілдер мерекесін қорытындылау.

Фестивальға еңбек ардагерлері, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

— Қай кезеңнің тарих беттерін ақтарсақ та, білім нәрімен сусындаған ұстаздарға деген құрмет ерекше екенін байқаймыз. Елімізде мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына ұстаздардың үлесі жоғары екені баршамызға мәлім. Сіздерді Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтаймын. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі қашанда биік болсын, — деді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманбек Орынбеков.

Іс-шара барысында басқарма, орталық басшылары тарапынан қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналуы мен мемлекеттік тілді насихаттау, құрметтеу және дамыту, этносаралық келісімді нығайту аясында құнды пікірлер ұсынылды. Сондай-ақ, фестиваль соңы концерттік бағдарламаға ұласты.