Шардарада ауылы тұрғыны үй ауласында түйеқұс өсіреді

түйеқұс

Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылының тұрғыны Сәкен Сыпатай өзінің ауласында түйеқұс өсіріп отыр. Осыдан үш жыл бұрын Орал қаласынан түйеқұстың жұмыртқасын тапсырыспен алдыртқан. Салмағы 1,5 келілік 7 жұмыртқаны сатып алып, инкубаторға салған. Одан 5 жұмыртқадан балапан шыққан .

– Түйеқұс — Африка құрлығында мекендейтін жануар болғанымен бүгінде барлық ел өсіріп отыр. Кәдімгі тауықтың балапанын шығаратын инкубаторды қайта құрып, жұмыртқаларды қойдым. Мерзімі келгенде 5 балапан ашып шықты. Түйеқұс жұмыртқасының қабығы да қатты болады, оны тістеуікпен абайлап кертіп отырып балапандарды аман-есен шығарып алдым. Әжептәуір үлкейіп қалғанда балапандар ауырды. Тауықтың балапаны сияқты болатын шығар деп денелеріне дәрі еккен едім, екеуі өліп қалды. Сөйтсем оларға дәрі егуге болмайды екен. Қазір үш жыл болды. Ойдағыдай жетіліп, өсіп келеді. Оның біреуі қораз, екеуі мекиен. Негізі түйеқұстар 3-4 жылда жұмыртқалай бастайды. Менің түйеқұстарым келесі жылы жұмыртқалайтын шығар деп жоспарлап отырмын, – дейді Сәкен Сыпатай.

Үй ауласындағы жерді шарбақпен қоршап, ашық аспан астындағы қорада өсіріп отырған түйеқұстарына иесі шөп турап береді. Одан бөлек, түйеқұстар көкөніс пен бидай жейді. Шаруа иесінің айтуынша, алдағы уақытта ол құстарының санын көбейтуде жоспарлауда.