Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Н.Әбдіразақова айтты.
«Облыс аумағында 320-ға жуық жанар-жағар май құю бекеттері және 5 мұнай базасы жұмыс істейді. Осы ретте майдың болуын және бағасына мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Басты мақсаты — аудан және қалалардағы ЖЖМ құю бекеттерінде АИ-92 және дизель отынының болуын қадағалап, бағасына мониторинг жүргізу. Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрлігінің осы жылғы 21 тамыздағы №278 бұйрығымен бекітілген шекті бағадан аспауы мен белгіленген мөлшерде жіберілуін қамтамасыз етеді», — деді Нұргүл Пердебайқызы.
Спикердің сөзінше, мониторинг топта әрбір аудан және қала әкімдіктері тарапынан жанар-жағар майға жауапты әкім орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлік палата басшылары, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар бар.
Баспасөз мәслихатында спикер дизельдік отынды сатуға шектеулері бар бекеттерді атап өтті. Олар:
• «Sinooil» — 16 ЖҚБ (2 ЖҚБ талонмен, қалғандары ЭМ бұйрығына сәйкес сатуда);
• «TS Оңтүстік Мұнай Сауда» 7 ЖҚБ (7 ЖҚБ талонмен);
• «Мунай Инвест Групп» 7 ЖҚБ (қазақстандық азаматтар үшін 50 литр шектеумен және шетелдіктерге 450 теңге).
Сонымен қатар, мұнай өнімдерінің ресурстарын ұстаушылардан дизель отынын сатып алудағы қиындықтар мен вагон-цистерналардың тапшылығына байланысты 78 жанармай құю бекеттерінде дизельдік отын сатылмауда. Ал облыс аумағында АИ-92 маркалы бензин еш кедергісіз сатылуда.
Айта кетейік, дизель отынына тапшылық осы жылғы қыркүйек айының ортасында шешілуі мүмкін.
Еске салсақ, аталған бұйрыққа сәйкес шектік баға мен белгіленген мөлшер бекітілген:
АИ-80 – 1 литрге 89 теңге;
АИ-92 – 1 литрге 182 теңге;
АИ-93 – 1 литрге 182 теңге;
Дизель отыны – 1 литрге 450 теңге.
– ҚР-да берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде — 1 литрге 230 теңге.
– ҚР-да берілген жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға арналған көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейін -1 литр үшін 230 теңге.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі