Түркістан облысында жыл басынан бері Ресей көліктерімен 150 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 52 адам қаза тапқан және 151 адам жарақат алған. Әрине, бұл өкінішті жағдай. Оған қоса жол ережесін елемейтін жүргізушілер, шетелдік, тіркеусіз автокөліктерімен 55 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Оларға 900 миллионнан астам айыппұл салынған. Соның ішінде соңғы статистика мәліметі бойынша белгіленген жүру жылдамдығын арттырған 23683 жүргізуші анықталды. Яғни көліктерін қатты айдайтындар қатары көп болып тұр. Түркістандық тәртіп сақшыларымен жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін, мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаудың 4485 жайты, жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзып, жолдың жүру бөлігін кесіп өтудің 1378 жайты, жол белгілері мен жолдың жүру бөлігіндегі таңбаларда көрсетілген талаптарды сақтамаудың 4479 дерегі анықталған. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 602-бабы бойынша 3836, 614-бабы «Көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру бойынша 2509, 630-бабы «Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрылыстарын бүлдірумен» 2560 жайт орын алған. Бұл мәліметтерді айта отырып, барлық жүргізушілерге ескертеміз: жолда жүргенде жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар! Сондай-ақ өзге елде де, өз еліңізде де тіркеуде жоқ көліктерді басқарудан бас тартыңыз, болмаса заңға сәйкес аталмыш талапқа сай келмейтін көліктеріңізді заңдастырыңыздар. Қандай да бір құқық бұзушылық жасап, бейқам жүруге негіз жоқ. «Заң баршаға ортақ» екенін естен шығармаңыздар!
ТО ПД баспасөз қызметі