Сайрам аудандық Полиция басқармасына жылыжай егумен айналысатын мекемеден қатынас хат келіп түсті. Онда түнгі уақытта белгісіз біреулердің жылыжайдың қоймасына заңсыз кіріп, 1,8 миллионға жуық ақшасы бар темір сейфті ұрлап кеткені көрсетілген. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығымен тіркеуге алынды. Ақпарат алысымен, оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-тергеу тобы ұрлық қылмысын ашып, күдіктілерді құрықтауға қатысты шараларды іске асырды. Жақын аумақтарды қарап, бейнебақылау камералары мұқият тексерілді. Соның нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке басы анықталды. Осылайша аталмыш бөтеннің мүлкін жымқырып, ірі көлемде шығын келтірген деген күдікпен жергілікті тұрғындар, 3 бірдей жас жігіт ұсталды. «Жау алыстан келмейді» дегендей, күдіктінің бірі бұрын осы жылыжайда жұмысшы болған жас жігіт болып шықты. Ақша керек болған жастар, түнгі уақытта жолын тауып, жылыжайдың қоймасына ұрлыққа түсіп, сейфті қолды еткен. Содан сейфті ашып, ішіндегі ақшаны теңдей бөліп алады. Алайда полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында, күдіктілер дер кезінде ұсталды. Олардан айғақты зат ретінде ақша мен сейф алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз мүліктерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлар, сенімді құлыптармен бекіту керек. Сондай-ақ мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату қажет. Ұрлық қылмысы болған жағдайда, жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.
ТО ПД баспасөз қызметі