Түркістан қалалық Полиция басқармасына қаланың орталығында орналасқан азық-түлік дүкенінен хабарлама келіп түседі. Онда әйел, дүкен ішінде тұрған сейфтен белгісіз біреу 200 000 теңгеден астам ақша жымқырып кеткенін жеткізеді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Тәртіп сақшылары ұрыны анықтауға бірден іске кірісті. Полицейлер ұрлық орын алған дүкенді, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камералары тыңғылықты тексерілді. Дүкен қызметкерлерінен, куәлардан жауап алынды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол осы дүкенге жаңадан жұмысқа тұрған жас жігіт болып шықты. Белгілі болғандай, дүкендегі сейфтің құпия сандарын білетін жаңа қызметші ақша қажет болғандықтан, түнгі сағат 02:00 шамасында келіп, қолына ілінген ірі ақшаларды қолды қылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Сақтық үшін дүкендердің терезелерін темір тормен жабдықтауға кеңес береді. Есіктеріне мықты құлыптар орнатуға шақырады. Егер де, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, шұғыл полицияға 102 телефоны бойынша хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі