Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

тұрғын үй құрылысы

Түркістан облысы – Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Соңғы жылдары облыста құрылыс саласы ерекше серпін алып, жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бұл үрдіс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.

Түркістан облысы бойынша 2025 жылы 1060 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үй – 410,2 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үй көлемі 649,8 мың аршы метр болады деп күтілуде. Сәуір айының қорытындысымен өңірде 226,1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды. Осы саладағы мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Тұрғын үй бойынша жоспарланған құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын. Жұмысты кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларына тиісті шара көріледі. Тұрғын үй мәселесі өте өзекті екенін білесіздер. Сондықтан алдын ала инфрақұрылым, жер мәселесін, баспананы үйлестіру жұмыстарын жүйелеу керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының жоспарына жету үшін жалпы бюджеттен 31,3 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйдің құрылысына 13,8 млрд. теңге, арендалық үйлердің құрылысына 2,0 млрд теңге, арендалық үйлерді сатып алуға 15,5 млрд. теңге қаралған.

Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері инфрақұрылымдық жобалармен бірге тұрғын үй құрылысы да айтарлықтай дамыды. 2021 жылдан бастап қалада 100-ге жуық көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл тұрғын үйлер жаңа «Жаңа қала» ықшам аудандарында, сондай-ақ қаланың тарихи орталығына жақын орналасқан жаңа шағынаудандарда бой көтеруде.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 29 тұрғын үйдің  4-еуі  пайдалануға тапсырылды. Қалған 25 үйдің құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған, биыл тамыз айына дейін кезең-кезеңмен пайдалануға беру көзделіп отыр. Кентау қаласындағы 5 қабатты 1 тұрғын үй, яғни, 60 пәтердің құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға орындалған, маусым айында пайдалануға беріледі. Облыста 8 арендалық тұрғын үйдің (380 пәтер, 23,7 мың ш.м.) құрылысы іске асырылуда.

Биыл республика бойынша 5139 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде, кезектегі азаматтардың үлесіне сәйкес, Түркістан облысына 578 пәтерге қаржы қаралған.

Түркістан облысында тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы – өңірдің болашағына салынған инвестиция. Көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің құрылысымен бірге, әлеуметтік инфрақұрылым да дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, Түркістанның заманауи әрі жайлы қала ретінде қалыптасуына ықпал етуде.