2022 жылдың 25 сәуірінен бастап, облысымызда халықтан заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша арнайы акция басталды. Мемлекет тарапынан осы үшін Түркістан облысына 14 миллионнан астам қаржы бөлініп отыр. Сондықтан, жергілікті тұрғындар қолдарыңызда еш жерде тіркелмеген қару түрі болса, полицияға өткізіп, сыйақыға ие болсаңыз!Аталған акцияның 2 тәулігінде полицияға облыс көлемінде 6 тұрғын келіп, өздеріндегі ата-бабасынан қалған, еш жерде тіркелмеген қаруларды өткізді. Олар 1 кіші калибрлі ойық ұңғылы аңшы мылтығы, 6 дана тегіс ұңғылы қару. Бұл қарулардың барлығы ҚР ІІМ «Криминалдық қару» есебінің «Ерікті тапсырылған» санатына енгізілді. Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел келіп, атасынан қалған 1 ойық ұңғылы аңшы қаруын өткізді. Ал келесі тұрғын болса, Түркістан ҚПБ-ға 2 бірдей қаруды өз еркімен тапсырды. Оның бірі «ИЖ-18БМ» маркалы тегіс ұңғылы 28 калибрлі қару және тегіс ұңғылы 32 калибрлі аңшы қарулары. Қазіргі уақытта мылтықтарға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қарудың техникалық жай-күйіне байланысты комиссия отырысы барысында азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.Жалпы Түркістан облысының полицейлері акция аясында тұрғындарға өз еркімен тіркелмеген қаруларды өткізіп, сыйақы алуға болатындығын жіті түсіндіруде. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондықтан, тұрғындар заңсыз сақтап жүрген ата, әкеңізден қалған, тауып алған тіркелмеген қаруларыңыз болса, тиісті органға тапсырыңыздар.
ТО ПД баспасөз қызметі