Шымкенттік полицейлер нашақорлықтың алдын алу мақсатында студенттермен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіретіні, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі он есе артқаны, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағаны ұлт болашағына төнген нақты қауіптердің бірі екенін атап айтты. Осыған орай, М.Әуезов атындағы ОҚУ Заң факультетінің бас ғимаратында есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Нашақорлық және қылмыс» атты тақырыпта кездесу болып өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция Департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қанатұлы Карбеков, Шымкент қаласының Психикалық денсаулық орталығының дәрігері Раушан Асанқызы Баймурунова, Шымкент қаласының Ренессанс жекеше оңалту орталығының жетекші маманы Анатолий Николаевич Ичетовкин және факультет деканы Қ.Р. Сарықұлов қатысты. Факультет студенттеріне аталған тақырыпта семинар өткізіп, есірткінің бүкіл әлемде, сондай-ақ, Қазақстанда таралуының алдын алу мәселелеріне байланысты көптеген фактілер айтылды. Есірткі құралдарын тұтыну құрылымы жыл сайын өзгеріп отыратындығы – таралу формулалары үнемі жаңартылып отыратындығы жаңа синтетикалық препараттар пайда бола отырып, әлеуметтік желілердегі арандатушылықтың алдын алу мәселелері айтылып өтті. Нашақорлықтың пайда болу және даму себептерінің арасында мінез-құлықтың ерекшеліктері, психикалық және физикалық бұзылулар, түрлі әлеуметтік факторлардың әсері жиі аталады. Медициналық мақсатта ұзақ уақыт бойы есірткі заттарын қабылдауға мәжбүр болған науқастар арасында нашақорлықтың пайда болу жағдайлары да аз емес. Ресми медицинада қолданылатын көптеген дәрілік заттар (негізінен ұйықтататын, транквилизаторлар және есірткілік анальгетиктер) есірткі тәуелділігінің ауыр түрлерін тудыруы мүмкін, бұл оларды қолдану кезінде елеулі асқыну болып табылады. Әрине, әркім нашақорлықтың қазіргі қоғамның басты проблемаларының бірі екенін біледі. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес ересек тұрғындардың 1 пайызына дейін есірткіге тәуелділіктің қандай да бір түрінен зардап шегеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл сан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

Сала мамандары өз тақырыптары бойынша видеороликтер дайындап, семинар соңындағы студенттердің сұрақ жауабымен ұласты.