Қазіргі таңда елімізде ұрлық қылмысы жиі орын алуда. Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаменті қылмыстың осы түрімен күресуге ерекше көңіл бөліп келеді. Тәртіп сақшылары арнайы дайындалған бағдарлама бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, облыс көлемінде ағымдағы жылдың 9 айында 486 ұрлық қылмысы тіркелсе, оның 342-сі ашылып, ашылу пайызы 71,5% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жақсарған. Мысал ретінде айтар болсақ, Түркістан қалалық ПБ-ға жергілікті тұрғын арыз түсіреді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта белгісіз біреу заңсыз кіріп, алтындары мен ақшаларын, 4 дана автокөлік доңғалағын жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚК 188-бабы «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тіркелді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, осы қылмысқа күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни жас жігіт ұсталды. Күдікті қамауға алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде осындай бөтеннің мүлкін ұрлау белең алып отырғандықтан, облыс полицейлері ұрланған мал-мүліктерді, бағалы заттарды сатуға болатын жерлерді үнемі қадағалап отырады. Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары да қарқынды іске асырылуда. Учаскелік полиция инспекторлары үй-үйді араласа, патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне арнайы жаднамалар таратуда. Ескертпе қағаздарында бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз, қандай да бір ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға бірден хабарласыңыз деген кеңестер жазылған. Өз кезегінде Түркістан облысының тұрғындарын үйден шығар кезде есіктер мен терезелерді жауып кетіп, өз мүлкіне мұқият болуға шақырамыз. Автокөліктердің де есіктерін кілттеп жүруді естен шығармаңыздар. Сіз, осы қарапайым қауіпсіздік шараларын қолдана отырып, ұрлықтың алдын ала аласыз.
ТО ПД баспасөз қызметі