Жастар дипломы болмаса да жұмысқа орналаса алады

Бүгін Түркістан қаласына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова іссапармен келді. Сапар барысында министр Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Президент жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, Әлеуметтік кодекстегі жаңашылдықтар бойынша брифинг өткізді, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Министр баспасөз мәжілісінде әлеуметтік кодексте жастарды жұмыспен қамту мемлекет, жұмыс беруші, яғни жұмыспен қамтылатын азаматтың жауапкершілігі қағидатымен жүргізілетіні туралы айтты.

«Зерделеу нәтижесінде белгілі болғандай, қазіргі таңда азаматтар жәрдемақы емес, жұмыс сұрап жиі хабарласады. Бұны елеулі өзгеріс деуге болады. 2000 жылдан кейін туған жастар бүгінде еңбек жасына жетіп жатыр. Сондықтан жалпы жұмыс күшінің 56%-ы 1987 жылдан кейін туған жастар болса, 2030 жылға қарай жалпы жұмыс күшінің дені осы жастардың есебінен болады. Әлеуметтік кодексте біріншіден жастарды жұмысқа тарту бойынша шаралар қарастырылған. Мысалы, жыл сайын 100 мыңнан астам жастар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тарту. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға 2,5%-дық жеңілдетілген қайтарылатын несие беру, — деді Т. Дүйсенова.

Бір атап өтерлігі, қазіргі кезде жастарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге олардың кәсіби дағдысын көтеру мәселесі бойынша жауапкершілік жүктеледі. Министрдің айтуынша, «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Оның аясында жастар өздерінің білімдерін, дағдыларын бағалайтын сертификаттау институты іске қосылады.

«Енді жастар дипломы болмаса да, сертификат алып, жұмысқа орналаса алатын болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бүгінде жұмысқа орналасқан кезде жұмысшының дағдыларын растайтын сертификат маңызды рөл атқарады, яғни практикалық жұмысы мен біліктілігі», — деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі, бірақ кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға берілетін гранттар одан әрі жалғасуда. Бұл ретте, оларға берілетін қаржының сомасы биыл 1,2 млн-нан асты. 2023-2025 жж. арналған бюджетте осы мәселелер бойынша 300 млрд теңге жуық қаражат көзделген. Құжат Мәжілісте қаралып жатқан бюджет жобасының аясында қаралады.

Баспасөз брифингінде министр журналистердің ұлттық жобалар, ардагерлердің шипажайларда ем-дом қабылдауы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті құралдармен қамту секілді сұрақтарына тұшымды жауап берді.