Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларға ауа райының нашарлауына, күннің суытуына, қатты жел мен қардың түсуіне байланысты республикалық және облыстық маңызы бар кейбір трассалар көлік қозғалысы үшін қауіпті екенін ескертеді. Яғни ауа райының қолайсыздығына байланысты Созақ ауданы көлемінде облыстық маңызы бар «Ұланбек-Созақ-Екпінді» тас жолының 577-652 шақырымында қарлы-боран соғып тұр. Демек мұндай уақытта жол көлік оқиғасының орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі таңда созақтық сақшылар жол-көлік оқиғаларының алдын алумен қатар жолда қалып қойған автокөліктер мен адамдарға көмек көрсету бойынша жұмыстарды атқаруда. Өз кезегінде, тәртіп сақшылары елді мекендерден тыс жерлерге шығу қиын екенін ескертеді және азаматтарға алыс жолдарға бармауға кеңес береді, шұғыл қажеттіліксіз көшеге шықпаған жөн. Сапарға шыққан жағдайда жолдарда барынша мұқият және абай болу керек, жылдамдық режимін, маневр жасау ережелерін қатаң сақтау қажет.Облыс полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты барша тұрғындар мен қонақтарға жолға шықпауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары жолаушылардың амандығы үшін, жолдарда кірпік ілместен қызмет етуде.
ТО ПД баспасөз қызметі