Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып келген деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Оның айтуынша құрбысының үйінде қонақта отырған сәтінде құрбысы «Айфон S6» маркалы ұялы телефонын ашықтан ашық алып, қайта қайтармаған. Осылайша жәбірленуші әйелге 150 000 теңге шығын келген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бағытталған шараларды жедел түрде жүргізді. Орын алған қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында Төлеби АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде жәбірленуші әйелдің құрбысын өз үйінен ұстады . Белгілі болғандай күдікті жәбірленушінің үйінде қонақта болған. Осы сәтте жәбірленуші мен құрбысы сөзге келіп қалып, ұялы телефонын келісімінсіз ашықтан ашық алып қойған. Полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп, жәбірленушіге қайтарып берді. Жәбірленуші әйел полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмысына өз алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Орта жастағы күдікті әйелдің бас шарасы қолхатта. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.